⚡️ Прокурор соттан белсенді Санжар Боқаевты 12 жылға қамауды сұрады Алматыда Алмалы аудандық сотында белсенді Санжар Боқаевтың ісі бойынша өтіп жатқан сот процесінде бейсенбі күні тараптардың жарыссөзі басталды. Мемлекеттік айыптаушы соттан Боқаевты 12 жылға бостандығынан айыруды, оның туысы Мадияр Қалменовті жеті жылға қамауды сұрады. Ал қазан айында кінәсін мойындап, қамаудан үйқамаққа шығарылған мобилограф Ұлан Нүсіпқожаның бостандығын екі жарым жылға шектелсін дейді прокурор. Биылғы көктемнен бері қамауда отырған Боқаевқа алаяқтық жасаған, ақшаны жылыстатқан, ұрлық, көрінеу жалған ақпарат тарату және ағаштарды заңсыз кесу әрекеттерін жасаған деген бес айып тағылған. Белсенді тағылған айыптарды мойындамайды.
Open in TelegramPosts of Azattyq - Азаттық
🇰🇿 Тоқаев мемлекеттік басқаруды реформалау жөніндегі комиссия құрамын бекітті Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы" жарлыққа қол қойды. "Мемлекеттік басқаруды реформалау мәселелері жөніндегі комиссия мемлекеттік басқару жүйесін реформалаудың бағыттары мен тәсілдерін тұжырымдау, сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік басқаруды реформалаудың кешенді жоспарын әзірлеу үшін жүйелі ұсыныстарды қарау мақсатында құрылды", – деп хабарлады 26 қарашада Ақорданың баспасөз қызметі. Құрамына мемлекеттік органдардың басшылары, Құрылтай депутаттары және Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері кірген комиссияның жұмыс органы болып Қазақстанның стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі белгіленді.
Open in Telegram🔝 АҚШ миллиардері Тодд Боэли "Лукойлдың" шетелдік активтерін сатып алмақ Америкалық миллиардер Тодд Боэли ресейлік "Лукойл" мұнай компаниясының шетелдік активтерін сатып алу жөнінде келісімге қол қойғанын мәлімдеді. Reuters активтерді Боэлимен бірге АҚШ-тың Халықаралық дамуды қаржыландыру корпорациясы (DFC) кіретін консорциум сатып алады деп жазды. Дональд Трамптың алғашқы президенттік мерзімі (2016-2020) кезінде құрылған бұл корпорация АҚШ үкіметінің бақылауында. Онымен бірге консорциум құрамына америкалық Xtellus Partners банкі мен Біріккен Араб Әмірліктерінде орналасқан Catena Investment Holding компаниясы енген. Боэли мен DFC өкілдері келісім аясында "Лукойлдың" құны 10 миллиард доллар болатын бағалы қағаздары компанияның шетелдік активтеріне айырбасталатынын айтқан. Қазақстан, Өзбекстан, Ирак, Мексика, Гана, Мысыр және Нигериядағы мұнай кен орындарында үлесі бар "Лукойл" компаниясы Еуропадағы үш мұнай өңдеу зауытына, сондай-ақ бүкіл әлем бойынша, соның ішінде АҚШ-тағы жүздеген жанармай құю станцияларына иелік етеді.
Open in Telegram🔥 Алматыда жер үйдегі өрттен бес адам қаза болды Алматыдағы Бостандық ауданында өткен түні жер үй өртеніп, салдарынан 5 адам қазаға ұшырады. Олардың біреуі – кәмелетке толмаған бала деп жазды жергілікті басылымдар. Қалалық төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, өрт туралы суыт хабар 26 қараша күні сағат 3:44 кезінде түскен. Арада төрт минут өткенде төтенше қызмет бөлімшесі оқиға орнына жеткенде үйдің тұтас жалындап жатқанын көрген. Өрт сағат 4:42 шамасында сөндірілген. Полиция бес адамның қазасына себеп болған оқиғаның мән-жайы анықтау үшін тергеу амалдарын бастаған.
Open in Telegram🛃 АҚШ Қытай мен өзге де сауда серіктестерінің тауарларына жаңа баж енгізбек АҚШ әкімшілігі Қытай мен Еуропа Одағын қоса алғанда, бірқатар ірі сауда серіктестерінің тауарларына жаңа импорт бажын енгізуді жоспарлап отыр. Бұған дейін АҚШ Жоғарғы соты Трамп енгізген тарифтердің басым бөлігін заңсыз деп таныған еді. Ең жоғары баж – 20 пайыздық алым Қытайдан әкелінетін тауарларға салынбақ. Егер Пекин Вашингтонмен жасалған сауда бітімінің шарттарын орындамаса, АҚШ баж мөлшерін 40 пайызға дейін көтеруі мүмкін екенін аңғартқан деп жазды The New York Times. Еуропа Одағы үшін 15 пайыздық баж салу қарастырылған. Алайда қол қойылған сауда келісімдері сақталмаса, бұл көрсеткіш 20 пайызға дейін өсуі ықтимал. Дәл сондай бажды АҚШ-тың өзге де сауда серіктестеріне, соның ішінде Камбоджа, Үндістан, Оңтүстік Корея, Тайвань және Вьетнамға енгізу ұсынылды. Жаңа тарифтер АҚШ Сауда өкілі басқармасы жүргізген тергеу қорытындысы бойынша енгізілмек. Тергеу шетел үкіметтері субсидиялар мен жеңілдетілген несиелер арқылы артық өндірісті ынталандыра ма, жоқ па – соны анықтау мақсатымен жүргізілген. АҚШ әкімшілігі ондай демеп-қолдау шетелдік компанияларға өнімді көбірек өндіріп, оны жасанды түрде арзандатылған бағамен сатуға мүмкіндік береді, сөйтіп америкалық бәсекелестерінің нарықтағы жағдайын әлсіретеді деп санайды.
Open in Telegram☄️ Украинада ресейлік реактивті дронды алғаш рет лазермен атып жойған Украина президентінің кеңесшісі Сергей "Флеш" Бескрестнов Carmine Sky компаниясының Blysk атты әуе шабуылынан қорғануға арналған лазерлік қондырғысы алғаш рет соғыс жағдайында сәтті қолданылғанын хабарлады. "Жақында маңызды инфрақұрылым нысанын қорғауға қойылған жауынгерлік лазер әлемде алғаш рет "Герань" реактивті дронын атып түсірді... Лазерді жаппай өндіру туралы айтуға әлі ерте. Сынақтар жалғасып жатыр, оның барысында лазерлер маңызды инфрақұрылым нысандарын қорғайды", – деп жазған Бескрестнов атып түсірілген дронның видеосын жариялады. Ресей Украинаның қалалары мен инфрақұрылымына шабуылдау үшін қолданатын арзан әрі жаппай өндірілетін қару – реактивті дрондарға төтеп беру қыс қарсаңында Украина әскерінің басты міндеттерінің біріне айналды. Қазір реактивті дрондардың жолына тосқауыл болатын дрондар да жасалып жатыр. Украина президенті кеңсесінің басшысы Кирилл Буданов мұндай дрондар дайын екенін және "прототиптерден алғашқы сериялық үлгілерін өндіру кезеңінде" екенін айтты.
Open in TelegramТоқаев Мәскеуге барды Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуге барды. Ақорданың хабарлауынша, оны әуежайда Ресей үкіметінің ресми өкілдері қарсы алған. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың айтуынша, Владимир Путин мен Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін кеште Кремльде жеке кездеседі. Президенттер бірге ас ішеді. Екі президент бейсенбіде AI Journey 2026 халықаралық конференциясында тағы бас қосады деді Песков. Ақорданың баспасөз хатшысы Айбек Смадияровтың айтуынша, екі ел басшылары Мәскеуде "Қазақстан мен Ресейдің стратегиялық серіктестігі мен одақтастығын одан әрі нығайту"мәселесін талқылайды. Тоқаев жасанды интеллектіге арналған AI Journey 2026 халықаралық конференциясына қатысады. Оны жыл сайын Ресейдің "Сбербанкі"ұйымдастырады. Украинадағы соғыс басталғаннан кейін АҚШ қаржы министрлігі бұл банкке санкция салған. Путин Ресейдің ЖИ саласындағы "егемендігі"туралы көп айтады. Ал Қазақстан АҚШ-тың Pax Silica бастамасына және Қытай бастаған WAICO ұйымдарына қосылған.
Open in Telegram🏔️ BBC Travel Алматыны 2027 жылы саяхаттауға тұрарлық 20 үздік жердің тізіміне қосты Британдық BBC Travel басылымы Қазақстанның ең ірі қаласы Алматыны "2027 жылы саяхаттауға тұрарлық ең үздік 20 орын" (The 20 best places to travel in 2027) тізіміне енгізді. Алматыны қар басқан таңғажайып табиғат аясындағы өркендеген өнер сахнасы бар қала деп сипаттаған басылым Тянь-Шань тауларының бөктерінде орналасқан Алматы бұған дейін Ұлы Жібек жолы бойындағы Бұхара мен Самарқанның тасасында, саяхатшылар назарынан тыс қалып келгенін айтады. Әйткенмен Еуропа мен Азияның тоғысындағы бұл қала алуан түрлі ас-дәмімен, өнерімен және дизайнымен кейінгі кезде туристердің назарын тартып, халықаралық деңгейде танылып отыр деп жазады. Басылым Алматыдағы Орталық Азиядағы ірі заманауи өнер музейлерінің бірі Almaty Museum of Arts, сәулетші Асиф Ханның жобасы бойынша жаңартылған "Целинный" мәдениет орталығы мен қазақтың дәстүрлі қолөнерін жаңғыртқан жергілікті шеберлердің қолынан шыққан туындылар, The Spirit of Tengri сынды халықаралық заманауи этностық музыка фестивалі туралы да жазған. BBC Travel биыл жариялаған тізімге Орталық Азиядан жалғыз Алматы ғана кірген.
Open in Telegram🤩 Құрылтай депутаты елде энергетикалық сусындарға тыйым салуды қарастыруды ұсынды Сәрсенбі күні Құрылтай отырысында үкімет жетекшісіне жолдаған депутаттық сауалында ЖСДП фракциясының мүшесі Мақсұт Нәсібулов.елде энергетикалық сусындарға қатаң шектеу енгізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. "Энергетикалық сусындар айналымын мемлекеттік заңнамалық реттеудің халықаралық тәжірибесін зерделеп, соның негізінде Қазақстанда бұл мәселені реттеудің жаңа заңнамалық шараларын, тіпті ел аумағында энергетиктерді өндіруге, әкелуге және сатуға толық тыйым салуға дейінгі шараларды ұсыну қажет", – деді депутат. Ол тұтынушының жас ерекшелігіне байланысты шектеу енгізілгеніне қарамастан елде сатылатын энергетикалық сусындар көлемі артып отырғанын айтты. Депутат келтірген деректер бойынша, 2023 жылы елде 215 миллион литр энергетик сатылса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 355 миллион литрге жетіп, екі жыл ішіндегі өсім 65 пайыз болған. "Ал Statista халықаралық компаниясы сарапшылары 2025 жылы Қазақстандағы энергетиктер нарығының қаржылай көлемі 93 миллион долларға жеткенін айтады", – деді ол. Қазақстанда 2025 жылдан бастап 21 жасқа толмағандарға энергетикалық сусын сатуға тыйым салынған. Ал биылғы жыл басынан бұл өнімдерге акциз енгізілген.
Open in Telegram💪 Полиция Тараздағы совет ескерткішін бұзу ісі бойынша оқушы балаларды ұстаған Жамбыл облысының полиция департаменті мемориалдық ескерткішті қиратып, Ресейдің наразылығын тудырған оқиғаға күдіктілер ұсталғанын хабарлады. Күштік құрылымдар совет жауынгерлері зиратындағы мемориалды Тараз қаласындағы мектептердің бірінде 7-сыныпта оқитын үш бала қиратқан болуы мүмкін дейді. Департамент ақпаратында кәмелетке толмағандар профилактикалық есепке алынып, олардың ата-аналары бала тәрбиесіне қатысты міндеттерін дұрыс атқармағаны үшін жауапқа тартылғаны жазылған. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде майданда алған жарақаттан госпитальде қайтыс болған Қызыл армия жауынгерлерінің зиратындағы ескерткіш Ресейдің қаражатына қалпына келтіріліп, 15 қазанда Таразда салтанатты түрде ашылған. Алайда бір айдан кейін, 18 қарашада монумент түгел дерлік қиратылғаны белгілі болды. Ресейдің Алматыдағы Бас консулдығы Қазақстан сыртқы істер министрлігіне жолдаған дипломатиялық нотада кінәлілерді анықтап, жазалауды талап еткен. Жергілікті билік мемориал қалпына келтіріліп, күзетке алынғанын хабарлады.
Open in Telegram🔴 Құқық қорғаушылар Қазақстан Мансур Мовлаевты Ресейге беруге шақ тұр дейді Қазақстан 2025 жылдың мамыр айынан бері Алматыда экстрадициялық қамауда отырған шешен белсендісі Мансур Мовлаевты Ресейге беруге дайындалып жатыр. Мұны Кремльдің Украинаға ашқан басқыншылық соғысына және жүргізіп отырған саясатына қарсы тұру үшін құрылған "Ресейдің соғысқа қарсы комитеті" бірлестігі хабарлады. Өз қызметінде құқық қорғаумен де айналысатын қордың мәліметінше, 24 қарашада "Мансур Мовлаевқа сәлемдеме беру үшін тергеу абақтысына барған адамға белсендіні Петропавлға этаппен жөнелткелі жатқанын, ол жақта оны Ресейге беретінін айтқан". Мовлаевтың адвокаты Елена Жигалёнок бұған дейін БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комитетінің талаптарын сақтау және Мовлаевты кепілмен экстрадициялық қамаудан босату жайлы Бас прокуратураға сауал жолдаған. "Оған апарған сәлемдемені ол этаппен Петропавлға кетті деп қабылдамай қойған. Бірақ олай емес екен. Мән-жайды анықтауға барғанда оның этаппен жөнелтілетіндер тізіміне енгізілгенін естіген. Әзірге әкеткен жоқ", – деді адвокат Азаттық Азияға. Жигалёноктың сөзінше, қазір Мовлаев Алматыдағы тергеу изоляторында отыр. "Біз Бас прокурордың орынбасары Жұмағалидың Мансурды беру туралы қаулысына шағымдану жөніндегі іс жүргізуді қайта бастауды сұрап Жоғарғы сотқа өтініш жаздық. Әлі жауап берген жоқ. Алайда Бас прокуратурадағылар өтінішті қайта қарамайтынын, бұған дейін Жоғарғы сот [Мовлаевты Ресейге] беру туралы қаулының заңды екені жөнінде шешім қабылдап қойғанын айтты", – деп хабарлады Жигалёнок. Азаттық Азия Мансур Мовлаевтың жағдайы бойынша Бас прокуратураға ресми сауал жолдағанын, әзірге жауап алмағанын жазды.
Open in Telegram🔺 "Қазатомөнеркәсіп": Омарбековтің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған "Қазатомөнеркәсіп" компаниясы өзінің директорлар кеңесінің 24 қарашадағы шешімімен басқарма мүшелері – коммерция жөніндегі бас директор Владислав Байғожин мен өндіріс жөніндегі бас директор Қуаныш Омарбековтің өкілеттіктері мерзімінен бұрын тоқтатылғанын хабарлады. "Олардың функционалдық міндеттері міндеттер мен өкілеттіктерді бөлу жөніндегі ішкі рәсімдерге сәйкес компания басшылығының ішінде қайта бөлінді. Компания өндірістік және коммерциялық персоналдың толық құрамда жұмысын жалғастырып, ағымдағы шаруашылық қызметі штаттық режимде жүзеге асырылып жатыр", – деген компания жаиялаған ақпаратта. "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясы құрылымында 12 жылдан бері жұмыс істеп келген Қуаныш Омарбеков 2023 жылдың маусым айынан компанияның өндіріс жөніндегі бас директоры, 2023 жылдың маусым айынан – басқарма мүшесі болды. Ол 2023 жылдың желтоқсанында "Үлбі металлургия зауыты" акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің төрағасы болып сайланған.
Open in Telegram🧬 ҰҚК "Қазатомөнеркәсіп" компаниясының басқарма мүшесін жемқорлық күдігімен ұстаған Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі 2026 жылғы 23 қарашада "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының басқарма мүшесі Қуаныш Омарбеков пен тағы бірнеше адамды ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамаған. Мұны 25 қарашада ҰҚК баспасөз қызметі хабарлады. "Олар "Самұрық-Қазынаның" бұрынғы басшылығы ұйымдастырған сыбайлас жемқорлық схемасына қатысы бар деген күдікке ілінді" делінген ҰҚК таратқан қысқа ақпаратта. ҰҚК сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қылмыстық кодекстің 367-бабының 4-бөлігі ("Аса ірі мөлшерде немесе қылмыстық топ жасаған пара беру") бойынша жүргізіліп жатқанын хабарлап, Омарбековпен бірге неше адам ұсталғанын, олардың аты-жөні мен қандай қызмет атқаратынын нақтыламады.
Open in Telegram☄️ Ресей Одесса облысын атқылады: екі адам қаза тауып, үшеуі жараланған Сәрсенбіге қараған түні Ресей күштері Украинаның Одесса облысын атқылап, салдарынан екі адам – 41 жастағы ер азамат және 17 жастағы жасөспірім қаза тапқан. Облыстық әкімшілік басшысы Олег Кипердің хабарлауынша, тағы үш адам жараланған, олардың арасында 12 жасар бала бар. Кипер ресейлік шабуылдардан азаматтық инфрақұрылым, жеке тұрғын үй, өндірістік ғимарат және жеңіл автокөліктер зақымданғанын айтты. Электр энергиясын таратумен және тасымалдаумен айналысатын ДТЭК компаниясының мәліметінше, Одесса облысына кейінгі жасалған шабуылдар салдарынан электр желілеріндегі апат саны 15 есе артқан.
Open in Telegram📝 "Халықтық құрылыс" қаражатын жұмсауды бақылайтын мемлекеттік комиссия құрылды Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Халықтық құрылыс" бағдарламасына бөлінген қаражаттың жұмсалуын бақылайтын мемлекеттік комиссияның құрамын бекітті. Оған мемлекеттік органдар басшылары, Құрылтай депутаттары, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері, журналистер, қоғам қайраткерлері, сарапшылар, өңірлердің және бизнес қауымдастықтың өкілдері енді деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі. Президент жарлығында мемлекеттік комиссияның міндеті – бағдарлама жобаларының уақтылы әрі сапалы іске асырылуын қамтамасыз ету, бөлінген қаражаттың тиімсіз жұмсалуына жол бермеу екені айтылған. Бағдарламаны іске асырудың жоспарлау мен қаражатты бөлуден бастап, нысандарды нақты пайдалануға беруге дейінгі барлық кезеңі бақылауға алынады делінген ақпаратта. Мемлекеттік комиссия мемлекеттік сатып алулардың мерзіміне, құнына және заңдылығына мониторинг жүргізіп, қауіп-қатер бар-жоғын зерделейді және кемшіліктерді жою жөнінде шаралар әзірлейді. Жүргізілген мониторинг бойынша ел президентіне тоқсан сайын және жылдық есеп ұсынады. Мемлекеттік комиссияның жұмыс органы ретінде Қазақстанның Жоғары аудиторлық палатасы белгіленді.
Open in Telegram🔴 Шығыс Қазақстанда Ертістен балық ауламақ болған үш адам қазаға ұшырады Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха ауданында үш адам Ертіс өзеніне батып опат болған. Бұл туралы өскемендік yk-news.kz онлайн-басылымы хабарлады. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқыс оқиға Зевакино ауылы маңында болған. Ертістен балық аулауға шыққан 1984, 1967 және 1960 жылы туған үш ер адам өзеннің жұқа мұзы ойылып кетіп, суға батып кеткен. Олардың үстінде суға батудан сақтайтын кеудеше болмаған. Марқұмдарды төтенше жағдайлар қызметінің сүңгуірлері судан алып шыққан. Төтенше жағдай қызметі өзен мұзының қалыңдығы барлық жерде бірдей емес екенін, әсіресе ағысы бар өзен бетінде мұз жұқа болатынын, қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау қажеттігін жұртқа ескертіп отыр.
Open in Telegram❗️ Зеленский: АҚШ Украина бойынша келісімге қаңтарға дейін қол жеткізгісі келеді АҚШ-тың Украина жөніндегі келіссөз жүргізушілер тобы соғысты аяқтау жөніндегі келісімге неғұрлым тезірек – желтоқсан немесе қаңтар айына дейін қол жеткізуге тырысып отыр. Мұны Bloomberg агенттігіне берген сұхбатында Украина президенті Владимир Зеленский айтты. Соғыстың тезірек аяқталуына Киев те мүдделі, бірақ "бұл тек қана Украинаның есебінен болмауы тиіс" деп мәлімдеді ол. Зеленский осы сұхбатында Украина соғыстың аяқталуы үшін қолынан келгеннің бәрін жасауды жалғастыратынын айтқан. "Бірақ сонымен бірге, біз жаңа Конгрестің екі партиясымен де байланыс орнатып, Ресейге қарсы санкциялар салуды және бізге қолдау көрсетуді сұрайтынымыз сөзсіз. Онсыз мүмкін емес. Егер ресейліктер соғысты аяқтағысы келмесе, оларды мәжбүрлеу керек", – деді Зеленский. Бұған қоса Украина басшысы Ресей президенті Владимир Путиннің көздеген мақсаты өзгермейтінін – Украинаны басып алу болып қала беретінін және Мәскеудің "қыста украиндықтардың сағы сынады" деген дәмесі барын айтты. 19 қарашада Қытайда АҚШ және Қытай президенттерімен келіссөз өткізгеннен кейін Путин журналистердің сұрағына берген жауабында Украинаны "соғысты бастады" деп тағы да айыптап, қаржыландырудан айырылудан қорқатын Киевтің қазір "мәмілеге" келгісі жоқ деген долбар жасаған.
Open in Telegram🇺🇦🇭🇺 Венгрия премьері Мадияр Украинаға алғаш рет сапармен барды 24 қарашада Венгрия премьер-министрі Петер Мадияр Ужгородта Украина президенті Владимир Зеленскиймен өткізген келіссөздерін "тарихи оқиға" деп атады. Кездесу Венгрия үкіметі жетекшісінің Украинаға кейінгі 10 жылдан астам уақыт ішіндегі алғашқы сапары аясында өтті. Биыл сәуірдегі сайлау қорытындысы бойынша Венгрия билігіне келгеннен кейін Мадияр Украинамен екіжақты қарым-қатынасты жаңа негізде құруға ден қойды деп жазды Reuters. Ужгородта Мадияр Ресейдің "егеменді, еркін еуропалық елге қарсы" жүргізіп жатқан, бес жылға жуық уақытқа созылған соғысын венгр халқы айыптайды деп мәлімдеді. Ужгородта Мадияр мен Зеленский 2014 жылы Мәскеу Қырымды аннексиялаған сәттен бері қаза тапқан украин сарбаздары жерленген зиратқа бірге барды. "Мен бүгін тарихи күн деп санаймын және одан екі елдің тарихы мен қарым-қатынасында жаңа бет ашуға зор мүмкіндік көремін",– деді Петер Мадияр зират басына гүл қойғаннан кейін. Киев қазіргі келіссөздер Украинаның Еуропа одағы құрамына кіру процесін жеделдетуге көмектеседі деп үміттенеді. Кремльге бүйрегі бұратын саясаткер саналған Виктор Орбан басқарған бұрынғы билік тұсында Венгрия Киевтің бұл ұмтылысына басты кедергі болып келген еді. Венгрияның Мадияр басқаратын жаңа үкіметі Украинаның Еуроодақпен ішкі нарық және бәсекеге қабілеттілік стандарттары мәселелері бойынша келіссөздер бастауына қарсылығын алып тастады.
Open in Telegram🇺🇸 АҚШ конгрессмендері Трампты Путинді саммитке шақырудан бас тартуға үндеді АҚШ Конгресі Өкілдер палатасының екі партиядан сайланған 20 мүшесі президент Дональд Трампқа Ресей президенті Владимир Путинді желтоқсанда Майамиде өтетін G20 саммитіне шақырудан бас тартуға үндеп хат жолдады. Олар Путинді саммитке шақырмауға себеп ретінде Украинадағы соғысты, сондай-ақ Иран 12 америкалық сарбазды жаралаған шабуылына Ресей берген барлау деректерін пайдаланған болуы мүмкін деген хабарларды алға тартқан. "Қазір әділетсіз соғысты тоқтату мәселесін талқылауды қоспағанда, мейлі G20 саммиті аясында болсын, мейлі кез келген басқа алаңда болсын, Ресеймен экономикалық ынтымақтастық орнататын немесе пікірталас өткізетін уақыт емес. Біз Ресейдің америкалық әскери қызметшілер де, Украина халқы да зардабын тартып отырған сұмдық әрекеттері үшін жауап беруіне қол жеткізуге әрекет жасауды одан әрі жалғастыруымыз керек", – деп жазған конгрессмендер Трампқа хатында. Биыл қыркүйекте АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио президент Трамп Путинге биыл желтоқсанда Майамиде өтетін G20 қатысуға шақырту жібергенін хабарлаған.
Open in Telegram