«Ал мен Керей-ақ болайын. Міне, өзіммен рулас кісілердің қасында отырмын. Сонда біздің арамызда қандай жақындық болуы мүмкін? — деген өзіне-өзі сұрақ қойып. — Түріміз, мінезіміз ұқсас па? Әлде қанымыз бірдей айналып, жүрегіміз біркелкі соға ма? Немесе ой-пікіріміз, арман-тілегіміз бір жерден шыға ма? Жоқ, олай болуы мүмкін емес. Мыналардың сол біздің елдегі Тыныбайдан, Көксегеннен, Ысқақтан қай жері артық? Егер Керей қаны бірін-бірі магниттей тартып тұратын болса, бұлардың өздері неге ру-руға бөлініп, қырық пышақ болып, қырқысып жатады? Тіпті бір руды қойып, бір әкеден туған ағайынды адамдар неге көрместей болып араздасады? Соған қарағанда, қан, ру бірлігі деген — жай алдамшы түсінік. Адамдарды шын туыстыратын — қандастық емес, мүлде басқа нәрсе. Оның не екенін дәл қазір кесіп айта алмайды.
Әсілі, ру-тайпа дегеніміздің өзі — күнкөріс қамы үшін өзара қауымдасып, бірлікте көшіп-қонып жүрген адамдардың белгілі бір тобы емес пе. Бәлкім, ертеде солай өмір сүру қажет болған шығар. Малын, жерін, қонысын, намысын қорғау үшін қажет. Әр адамды өз бауырына тартатын, ұйып отырған ұлты, меншікті мемлекеті болмаған соң, әркім жеке-жеке, кіші-гірім топқа бөлініп жан бақпағанда, өз құқын қорғамағанда қайтеді? Жік-жікке бөлінген рушылдықтың осы күнге дейін құрымай келе жатқаны да сондықтан... Сол күні өткен ескі тәртіп бұл күнде қазақтың сорына айналып отыр. Алайда бұл халық қашанғы осылай бытырап жүре бермек? Бұлардың да ортақ ұранға шауып, бір тудың астына жиналатын уағы болды емес пе?!»
Қабдеш Жұмаділов «Тағдыр»
https://t.me/kitapuzindisi