Легионерлер лимиті белгілі болды. Енді не өзгеруі мүмкін? Қазақстан футбол федерациясы 2027 жылғы маусымда ҚПЛ клубтарына 9 легионерден тіркеуге рұқсат берілетінін ресми мәлімдеді. Алайда мәлімдемеде 2028 жылғы маусымға қатысты ұсыныстар әзірлейтін жұмыс тобы құрылатыны да айтылған. Ішкі түйсігімізге сүйенсек, жұмыс тобының ұсынысымен келесі жылдың өзінде-ақ 12+13 формуласы бекітілуі мүмкін. Өйткені қолданыстағы регламент бойынша легионерлер санын одан әрі сегізге дейін қысқарту қисынсыз көрінеді. Жалпы, қазір 9+16 жүйесін қолдап отырған «Қайраттың» өзі де 12+13 формуласына қарсы бола қоймас деп ойлаймыз. Тіпті бұл бастаманы белсенді қолдауы да мүмкін. Әсіресе 2027 жылғы чемпионатта жеңіске жетсе. Мұндай жағдайда алматылықтар басты фаворитке айналады. Ал «Ордабасы» кез келген жағдайда еурокубоктерде жоғары мақсат қоятыны анық. Біздіңше, «Қайрат» үшін басты міндет еурокубок емес, ел чемпионатында бірінші орын алу болмақ. Қолданыстағы регламентке ең көп көңілі толмай отырған клубтар Шымкент пен Ақтөбеде десек, артық айтқандық емес. Жалпы, бұл талапқа наразы командалар көп. Дегенмен екі клубтың жағдайы ерекше. Егер 12 легионер тіркеуге мүмкіндік болса, оңтүстіктің командасы қатарын үш-төрт жоғары деңгейлі футболшымен толықтырып, бәсекелестерінен оқ бойы озып кетуі мүмкін еді. Енді шымкенттіктер алдымен жаңа ойыншыларға орын босату үшін қазіргі құрамнан кімдермен қоштасатынын ойластыруы керек. «Ақтөбенің» мәселесі сәл өзгеше. Қалыптасқан жағдай бойынша көптеген футболшы мен агент «ақ-қызылдар» клубын ақшасы көп, кез келген ойыншыға қомақты қаржы төлеуге дайын команда ретінде қабылдайды. Тіпті футболға еш пайдасы жоқ ойыншының өзіне қисапсыз ақша ұсынуы мүмкін деп ойлайды (сөз қайталағанымызға кешірім сұраймыз). Әзіл былай тұрсын, қазақстандық футболшылардың өзі «Ақтөбе» деген сөзді естісе, бағасын бірден шарықтатып жібереді. Біздің құлағымызға жеткен ақпарат бойынша, ойыншылардың айлық жалақыға қатысты талабы 12 миллион теңгеден басталады. Егер команда тағы үш-төрт легионер алуға мүмкіндік тапса, бір жағынан, қазақстандық ойыншылардың қаржылық талабын төмендетуге, екінші жағынан, қажетті позицияларды сапалы футболшылармен толықтыруға болар еді. Соның нәтижесінде «Ақтөбе» қазіргіден әлдеқайда бәсекеге қабілетті командаға айналар еді. Әрине, кейбіреулер: «Ақшаларың бар ғой, онда бүкіл құрамды таратып, тек мықты ойыншыларды жинаңдар. Олар допты қарсыласқа бермей-ақ, қарқынымен басып тастайды» деуі мүмкін. Бірақ дәл қазір мұндай қадамға бару мүмкін емес. Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, кез келген мықты футболшы Қазақстанға келе бермейді. Оның үстіне, бірден тоғыз легионерді жаңадан жинау мүмкін емес. Екіншіден, біздің кәсіпкерлердің қалтасы қалың болғанымен, бас тартуға келмейтіндей орасан зор қаржы ұсынатын араб шейхтері емес. Үшіншіден, құрамды жаппай жаңарту автоматты түрде келісімшарттарды бұзу, соттасу, санкцияларға ұшырау, CAS пен FIFA аясындағы дауларға әкелуі мүмкін. Оның үстіне, тіпті жұлдызды құрам жасақтаған күннің өзінде, оның нәтижелі боларына ешкім кепілдік бере алмайды. Өйткені трансфердегі қателіктер — футболдың ажырамас бөлігі. Жеке-жеке мықты ойыншыларды жинау бір басқа, ал олардан біртұтас команда қалыптастыру мүлде бөлек мәселе. Басқа клубтардың да мәселесі осыған ұқсас. «Қайраттан» өзге командалардың ешқайсысында сапалы отандық тәрбиеленушілердің қоры жеткілікті емес. Басты мәселе де осында. Әрине, «Бұған дейін қайда қараған?» деп қарсы уәж айтуға болады. Бірақ бұл мәселе үшін Турловты (ол қазірдің өзінде академия салып жатыр), Артықбаевты, Мүтәліпті, Ломтадзені немесе Канды кінәлау қиын. Өйткені олар клубтарды иеленгеніне көп болған жоқ. Бұл Сергей Жданкиннен «Елімайдың» 2024/2025 жылдары чемпион атана алмағаны үшін жауап талап еткенмен бірдей. Ол кезде ресейлік маманның бұл клубқа еш қатысы болмаған еді.
Open in TelegramViews growthHide views growth
Views growth
Hours after publication
Show as table
| Hours after publication | Views |
|---|---|
| 0 h | 0 |
| 2 h | 779 |
| 5 h | 991 |
- After 6 hours991
- Total to date991








