🏗️ Құрылыс алпауыттары 6,5 триллион теңгенің қамына кірісті
Қазақстанның ірі құрылыс компаниялары келесі жылы басталатын ауқымды «Халықтық құрылыс» науқанына дайындықты бастап кеткен. DALA INSIDE-қа жеткен мәлімет бойынша, бірқатар компанияда ішкі жиналыстар өтіп, қолда бар құрылыс техникасына, құрал-жабдықтарға және өндірістік қуаттарға ревизия жүргізіліп жатыр. Нарық ойыншылары алдағы мемлекеттік тапсырыстарға қандай ресурспен кірісетінін, қанша жұмыс күші мен техника қажет болатынын алдын ала бағалауға көшкен.
"Құрылысшылардың көңіл-күйі өте жақсы. Штаттары өсетін болады. Резервте жүрген қосымша жұмысшыларына дайын болсын деген хабарламалар жіберілді", - дейді, дереккөз.
Мұндай дайындықтың экономикалық себебі бар. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «Халықтық құрылыс» бастамасы Қазақстандағы құрылыс нарығына бұрын-соңды болмаған көлемде қосымша қаржы әкелуі мүмкін. 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан инфрақұрылымды жаңғыртуға шамамен 6,5 триллион теңге бағыттау жоспарланған. Оның 1,5 триллион теңгесі 2026 жылы және 2027 жылдың алғашқы екі айында әлеуметтік жобаларды іске қосуға қарастырылуы тиіс.
Жаңа науқан аясында республика бойынша 70-ке жуық денсаулық сақтау нысанын салу жоспарланып отыр. Олардың қатарында перзентханалар, ауруханалар, жедел медициналық жәрдем станциялары мен оңалту орталықтары бар. Бұған қоса, білім беру, спорт және мәдениет саласында 50-ге жуық нысан бой көтеруі тиіс. Сонымен бірге автомобиль жолдары, көлік инфрақұрылымы, инженерлік желілер, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, ауызсу және газбен қамту бағыттарына назар аударылады.
Ұлттық статистика бюросының нақтыланған дерегіне сай, 2025 жылдың толық қорытындысы мен 2026 жылдың тоғыз айын қосқанда, 18,66 триллион теңгеге жуық құрылыс жұмысы орындалған. Бұл екі толық жылдың емес, 21 айдың жиынтық көрсеткіші. Биылдың тоғыз айындағы құрылыс жұмыстарының 89 пайызын жеке құрылыс ұйымдары орындаған. Шетелдік компаниялардың үлесі 10,3 пайыз, ал мемлекеттік ұйымдардың үлесі небәрі 0,7 пайыз болған.
Қазақстанда мемлекет ірі инфрақұрылымдық жобаларға қаржы бөлгенімен, құрылыстың басым бөлігін жеке сектор жүзеге асырады. Осы тұрғыдан алғанда, «Халықтық құрылыс» нарықтағы ірі мердігерлер, орта компаниялар, өңірлік құрылыс ұйымдары және құрылыс материалдарын өндірушілер арасындағы бәсекені күшейтуі ықтимал.
https://t.me/dalainside